Детройттағы Trumbullplex
Осы күнге дейін анархизм деген терминмен таныс едім. Бірақ анархистердің өзін еш кезіктірмеп едім. Кеше Детройттағы Trumbullplex дейтін анархистердің үйіне бардық. Голливуд фильмдерінен быт-шыты шыққан үйлердегі бомждар мен наркомандарды көрсететін сәттер бар ғой. Анархистердің коллективті үйіне кірген бойда, соны елестеттім.
Trumbullplex 1993 жылы театр ретінде коммерциялық емес мақсатта құрылған екен. Әлі күнге дейін сәрсенбі сайын театр қойылымдары жүргізіледі. Ұйымның тұрақты 10-дай мүшесі бар. Олар осы үйде тұрады. Анархистік дегенге ой жүгіртсеңіздер, олардың қазіргі билікті, жалпы адам үстінен адамның билігін жақтамайтынын, мойындамайтынын түсінесіз.
Элеанор есімді кісіден сұқбат алдым. Бұйырса, оның пікірі міндетті түрде деректі фильмде болады. Сырт көрінісіне қарасаңыз, пофиг жүрген адам сияқты. Бірақ ол сұқбат басында өзін адам құқықтары жөнінде дәріс оқитынын және жазушы екенін айтты. Сұқбат барысында оның өте интеллигентті екеніне көзім жетті. Бүгінгі жаңалықтардан хабардар, Детройт өмірін, барлық экономикалық статистикалар мен адам құқықтарының қалай тапталып жатқанын пайымдайтын анархист.
Олар апта сайын түрлі шаралар ұйымдастырып, Trumbulplex қорына қаржы жинайды екен. Жиналатын қаржы адам құқықтарын қорғауға жұмсалады. Кіреберісте LGBT туы ілулі тұрды. Олар күнделікті жиында адам құқықтары жөніндегі түрлі дискуссия ұйымдастырады екен.
Элеанордың «әр адамның суды пайдалануғы құқығы бар. It’s a human right» деген пікірі мені қатты ойландырды. Ол қала әкімдігімен көп қиындықтардың болып жатқанын айтты. Әкімдік оларды құртып, үйлерді бұзбақ болыпты. Олардың көшіп кетуі үшін суды да өшіріп тастаған екен. Бірақ анархистік коллектив суды қайта қостыруға қол жеткізген.
Анархистердің кітапханасы маған өте қызық болды. Қатарынан түрлі папкалар тұрды. Оның сыртында Political, Art, Poetry, Prose, Sex, Gender, Health, How to Diy, Trauma response, Psychic Crisis деген жазулар болды. Ресейдегі царизм мен коммунизм деген сияқты кітаптар тұрды. Одан қалса, Everyone Needs Feminism деген слогандар ілулі еді. Менің түсінуімше олар индивидуализмнен арылып, коллективизмге ұмтылады.