[Сұқбат «Ақ Желкен» журналының 2019 жылдың қараша айындағы санында шықты. Сұқбат алған – Күлтегін Аспанұлы]

Кең дүниеден өз «кетігін» тауып, сонда «қаланбаққа» талпынып, білім жолында мұхит асқан отандасымызбен шетел оқу орнына оқуға түсу жолы, әлемдік-отандық журналистиканың бүгінгі беталысы мен болашақ бағдары жайында сұқбаттастық. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетінде білім алып жүрген informburo.kz ақпараттық-аналитикалық мултимедиалы порталының тілшісі, әлеуметтік желіде «Бір қабатты Америка» блогын жүргізуші Жолдасты ашық әңгімеге шақырдық.

– Жолдас, өзіңді АҚШ-та журналистік тағылымдамадан өткен, қазір Мичиган мемлекеттік университетіне кәсіби шыңдалу үшін оқуға түскен халықаралық әрі көпсалалы тілші ретінде танимыз. Төртінші билікке келуіңнің себебі неде?

– Журналистикаға ертеден жақын болдым деп айта алмаймын. Бала кезімде суретші болдым. Кейіннен ол қабілет менен алыстады. Мектепте бірнеше рет мақалаларымның аудандық басылымдарда шыққаны бар. Дегенмен ол да менің журналистикаға нық қадам басатынымды білдірмеген. Себебі университетте ағылшын тілін оқып, қыпшақ және роман-герман тілдеріндегі етістіктердің синонимдік ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерттедім. Сол кездері тілді зерттеп, университетте лингвистика бойынша дәріс оқу жоспарым болған. Сондай-ақ, қазақ әдебиетіндегі үздік шығармаларды ағылшын тіліне сапалы түрде аударуды мақсат еттім. Себебі біздің әдебиет майталмандарының Нобель алмай жүргенінің тағы бір себебі осы деп білемін.

Журналистикаға ақпарат бөлісу мақсатымен келдім. Ауылға интернет бармай тұрып, энциклопедиялардан түрлі деректерді оқуға қызығатынмын. Оны достарыммен бірге талдайтынбыз. Білгенімді бөлісу маған қуаныш сыйлайтын. Сол қуаныш журналистикаға ертті. Бастапқыда әлеуметтік желілер, сосын Massaget.kz, ал кейіннен дербес журналистикаға келдім.

– Нью-Йоркті журналист әрі еркін адам ретінде қалай сипаттайсың?

– Нью-Йорк қаласына кез келген адам бақ іздеп келеді. Оған жеткендер бақытты өмір сүре алады. Ал жете алмағаны тіршілікпен күресуден басқа амалы жоқ. Себебі Нью-Йорк сондай тартымды қала болғанымен, онда өмір сүру қымбат. Бұл қалада бір күнде қанша компания банкрот болып, қаншасы рекордтық табысына жетіп отыр. Қаншама жан алып қаланың қаталдығына төзе алмай өзіне қол жұмсап жатса, қайсыбіреуі миллионер атанып жатыр. Сосын Нью-Йорк әлемдегі ең көп миллиардер тұратын қала.

Маған мүмкіндіктер қаласы. Себебі мұнда ешнәрсеге шектеу жоқ. Тек өз жолыңды дұрыс тауып, даму бағытыңнан таймай еңбектене берсең, қаланың құрметті азаматына айнала аласың. Нөлден бастаған көптеген адаммен таныстым. Сөйлестім. Олардың еңбек жолын кез келген адам жүріп өте алады. Тек оған жігер мен талпыныс керек. Осы себепті маған өте икемді қала болды. Ал өзгенің көзімен қарасақ, Нью-Йоркте күнделікті күнкөрістің шиыр орамына түскен жандар көп. Олар не үшін өмір сүріп жатқанын да ұмытқан. Не істерін, қалай қарай дамуын білмейтіндер де жеткілікті. Олардың арасында қазақтар да бар.

Нью-Йорк журналистер үшін таптырмайтын ресурстар хабы дер едім. Мұнда күнде жүздеген адаммен танысып, түрлі дерекке қол жеткізе аласыз. Уақыт ағымымен тез қимылдап, барлығына үлгеруге тырысасыз. Солай уақытыңыздың қаншалықты қымбат екеніне көз жеткізесіз. Тиімді пайдалану туралы жиі ойлана бастайсыз.

– Сенің көзқарасыңдағы қазақстандық пен америкалықтың айырмашылығы мен ерекшеліктері туралы сөз етсек. Түсінік-көзқарастары тұрғысында…

– Америкалықтар микс мәдениетте өмір сүреді. Себебі АҚШ-ты иммигранттар құрған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген азаматтар ортақ қоғам құрған. Бірінің мәдениеті екіншісіне әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ олардың ортақ ассимиляциясы жаңа қоғамды қалыптастырып отыр. Олар қазақ қоғамы тәрізді АҚШ атауын «Америка елі» деп өзгертуді, қыздарын шетел азаматтарына бермеуді, тіл мен дін мәселелерін талқыламайды. Бірақ қазақтардың Қытай экспансиясына алаңдауы сынды иммигранттардың жаппай көшіп келуінен қорқады. Өз ата-бабаларының да сондай иммигранттар болғанын ұмыта бастаған. АҚШ-тың халқы аз шоғырланған штаттарында қара нәсілділер мен азиялықтарға, мұсылмандарға қатысты жек көру элементтері бар. Мұны қазақтардың өз ауылдарына көшіп келетін оралмандарға қатысты шетін көзқарасына ұқсатуға болады.

АҚШ-та 4 жыл сайын президент сайлауы өтеді. Ал президенттік сайлау арасында Конгреске де сайлау ұйымдастырылады. Сондықтан америкалықтар ел саясатына жиі араласады. Халық елдегі негізгі екі партия – республикалықтар мен демократтар сияқты екіге бөлінген. Әрине, өзін тәуелсіз деп санайтын азаматтар да бар. Бірақ олардың саны аз. Томас Мор Еуропа елдерін аралап, утопиялық қоғам болмайтынын өзі жазып кетті ғой. Демек әрбір азаматты 100% қанағаттандыратын қоғам болуы мүмкін емес. Десе де, қоғам үдемелі түрде дамып отырады. Кез келген кедергіні жою қоғамда азаматтық позицияны қалыптастырады. Қазақстанда көбіне саяси мәселелер азаматтық белсенділіктің артуына негіз болып отыр. Бірақ қоғамдық мәселелерге келгенде прагматикалық ой әзірге төмен. Мысалы америкалықтар өзі тұратын қалашықтың қандай да бір мәселесін шешу үшін әкім не штат губернаторына арыз жазбайды. Мәселені өзі немесе коммерциялық емес ұйымдардың көмегімен тезірек шешуге тырысады. Әрбір қалашықта айына бір рет townmeetings ұйымдастырылады. Сол жерге тұрғындар келіп, түрлі мәселе көтереді, шешу жолдарын өзгелермен талдайды.

Ағылшын тілін үйреніп келе жатқаныма 15 жыл болды

– Адамзат ақыл-ойының лабораториясына айналған инновациялық держава АҚШ-қа аттануға «кілт» сыйлаған ағылшын тілін қалай үйрендің?

– Менің ағылшын тіліне қызығуыма түрткі болған оның халықаралық деңгейдегі танымалдығы емес. 6-сыныпта оқыған кезімде АҚШ консулдығының бағдарламасы аясында америкалық студенттер бізге уақытша сабақ беруге келген. Сол кезде бірінші рет өзіме түсініксіз тілде сөйлейтін адамдарды өз көзіммен көрген едім. Оны басында қабылдай алмадым. Өзіміз секілді адамдардың мүлде басқа тілде қалай сөйлейтінін анықтауға тырыстым. Сол кездегі ойым мені ағылшын тілін оқуға итермеледі. Кейіннен бұл тіл менің болашақ мамандығыммен тығыз байланысты болды.

Бұл өмірде кез келген мақсатқа жету немесе жобаны жүзеге асыру үшін жоспарланған жүйемен қимылдаған дұрыс. Әйтпесе, идеяңыз қанша ұтымды болса да, оң нәтиже бермейді. Сол сияқты тілді үйрену үшін күнделікті талап қажет. Сосын оның түбіне жету мүмкін емес. Ағылшын тілін үйреніп келе жатқаныма 15 жыл болды. Оның өзінде үнемі дамытып отыру керек деп білемін.

– Тілдік курс пен университет таңдау кезеңі қалай жүзеге асты? Қандай критерийлерді басшылыққа алдың?

– «Болашақ» бағдарламасының тілдік курсын алмадым. Себебі ағылшын тілін білу деңгейім жетіп тұрды. Сол себепті бірден университетке түсуге дайындық жасадым. АҚШ-та магистратура оқу үшін IELTS-тан кем дегенде 7 балл жинауыңыз қажет. Ал журналистика бойынша білім алуға кейбір университеттер одан жоғары талап қояды. Сосын GRE дейтін емтихан тапсыру көп кезде міндетті.

Айта кетерлік басты мәселе – университетті дұрыс таңдау. Себебі әр ЖОО-ның өзіндік бағдарламалары бар. Олардың оқыту жоспарын да анықтап зерттеу өзіңіз үшін маңызды. АҚШ университеттерінің дені сапалы білім беруге ден қойғандықтан, әлемдегі ең үздік университеттер қатарында көш бастап тұр. Мен оқып жатқан қазіргі университетте өзіме таңсық тақырып – деректі фильм түсіру шеберлігін үйреніп жатырмын. Одан бөлек, сыни ойлауға бағытталған дәріс алып жүрмін. Расында, білімін арттырғысы келетін жас маманға АҚШ-қа келіп оқуға кеңес берер едім. Себебі мұнда сіздің санаңыз еш бюрократиясыз жаңа әдістермен шыңдалады.

– Енді әріптес есебінде Қазақстан қоғамына ортақ өзекті тақырыптарға ойыссақ. Әлемдік өркениетті стандарттарға сай «Сөз бостандығын» біздің шенеуніктер «медиа ғайбат» деп қабылдайтыны құпия емес. Есіңде болса, Қылмыстық кодексте БАҚ өкілдеріне «Жала жабу» (130-бабы) бойынша 2-3 жыл бас бостандығынан айыру, «Қорлау» (131-бабы) бойынша 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жұмысқа жегу жазасы көзделген. Мұндай шектеулер демократиялық принциптердің өрісін тарылтатыны сөзсіз. Пікір еркіндігіне кепілдік беретін конституциялық заң мен кодекстердегі құқықтық актілер бір-бірін жетелеп-толықтырудың орнына, қайшылықты, екіұшты, алшақ келеді. Неліктен?

– 2011-2016 жылдар аралығында Ресей Федерациясының Думасына VI шақырту бойынша сайланған депутаттар «Бешеный принтер» деген бейресми атқа ие болды. Себебі сол жылдары Ресейдегі сөз бостандығын шектейтін нормативтер заңға енгізілген болатын. Ал 2017 жылы дәл сол нормативтер Қазақстан Конституциясына да енгізілді. Бұл, көріп тұрғаныңдай, ұқсастық емес, көшіріп басу. Себебі сол жылдардан бастап орыс халқы да автократиялық биліктен шаршап, қарсылық таныта бастады. Заңдық шектеуді айтпағанда, бізде азаматтық медиа шабуылына қарсы тұратын «билікшіл» мемлекеттік басылымдар белсенді әрекет етеді.

Демократиялық елдерде сөз еркіндігіне қатысты дау не мәселе жоқ. Оларда мемлекеттік цензура да жоқ. Бірақ дамыған елдерде демократияға қауіп төндіріп отырған басқа мәселелер бар. Мысалы, жаңа технологиялар. Facebook, Twitter не Google сынды алыптар жинап отырған ақпарат қорлары-ның бұрыс бағытта пайдаланылуы дамыған елдердің саяси өміріне кері әсерін тигізіп жатыр.

«Қоғамдағы әр азаматтың саяси сауатты болуы мүмкін емес»

– Медиа сауаттылықты күшейту мақсатында БАҚ заңы мен этикасын жетілдіру жолы мен қоғам қабылдауы тиіс талаптар туралы не айтар едің?

– БАҚ заңы мен этиканы жетілдіре беруден халықтың сауаттылығы артпайды. Бізде керісінше, жетілдіру мақсатымен сөз еркіндігін шектеп жатыр. Ол жоғарыда айтып өткенімдей, «Бешеный принтерінен» көшірілген дефенсивті құбылыс. Халықтың медиа сауаты артуы үшін журналистер белгілі бір азаматтар не саяси партиялардың мүддесін емес, тек халықтың мүддесін қорғауы тиіс. Ал ондай медиа мен қоғам сабақтастығы әзірге әлемде жоқ. АҚШ-та қазір коммерциялық емес бағыттағы журналистика дамып келеді. Бұл корпоративті цензурадан шығудың бір ғана жолы болып тұр. Мысалы, Pro Publica және Texas Tribune секілді интернет басылымдар ешқандай корпораттардың қаржысына, биліктегілердің саяси мүддесіне тәуелді емес.

Қоғамдағы әрбір азаматтың саяси сауатты болуы мүмкін емес. Себебі әрбір индивидуумның ойлау бағдары мен өзіндік ақпаратты қорыту нейрондары әрқалай. Десе де, ортақ шешім қашан да екі не үш жақты қанағаттандыра алған.

– Демократиялық институттардың бірегейі медиа саласының әлемдік масштабтағы бүгіні мен келешегі жайлы сөз етсең.

– Әуелі медиа демократиялық институт па, әлде пропаганда құралы ма, соны анықтап алайық. Мынадай 2 концепт қазіргі журналистиканың бағытын дәйектейді. Бірі бар жаңалықты ашық әрі объективті түрде халыққа ұсыну және шешім қабылдауды халыққа қалдыру болса, екіншісі – бар жаңалықты сұрыптау әдістері мен қай бөлігін жариялау сынды шешімдерді редакция еркіне қалдыру. Сіздің ойыңызша, қайсысы дұрыс? Медиа демократиялық институт болуы үшін бірінші концептіге сүйенгені абзал. Бұған, әрине, халықтың медиалық тұрғыда сауатты болғаны дұрыс. Медиа сауаттылықтың төмен болуы журналистиканың екінші концептіні қабылдауына алып келеді. Ал халықтың қай жаңалықты біліп, қай жаңалықты білмеуін редакцияға қалдырсақ, ол саяси не коммерциялық мүдделердің әсерінен өзгеруі мүмкін. Дәл осындай өзгеріс АҚШ мейнстрим медиасында болып жатыр. Мысалы, кейбір сарапшылар АҚШ медиасын «horse race journalism» деп те атайды. Бұл журналистикадағы синдром. Мұны медиа үшін президенттік сайлау барысында, қай үміткердің қандай тиімді бағдарлама ұсынуы емес, кім соңына дейін жүгіріп, Ақ үйге жетуі маңыздырақ болған кезде қолданады.

АҚШ-та Қазақстандағыдай салық төлеуші азаматтардың қаржысына биліктегі азаматтардың мүддесін қорғайтын медиа ресурстар жоқ. Есесіне, мұнда корпоративті цензура бар. Оны цензура деп айту да қиын. Нақтырақ, кәсіпкерлер, яғни корпораттар медиа ресурстарды тек құрал ретінде пайдалану үшін ұстап отыр. Себебі одан түсетін табыс өте аз. Мысалы, АҚШ-тағы ABC миссиясына ұқсас 3 негізгі арна бар. Ол Disney компаниясының құрамына кіреді және оның небәрі 2% ғана табысын қамтиды. Демек, оларға медиа ресурстардың түсетін табысынан медиа нарықтағы позициясы маңыздырақ.

Медианың демократиялық институт болуы үшін барлық факторда тәуелсіз болуы тиіс. Мысалы, бизнестен. Интернет дәуіріне дейін америкалық журналист, жазушы Боб Ингл «әрбір редактор-маркетолог болуы тиіс» деп еді. Қаражат тапшылығынан қазіргі журналистика редактор-маркетологтарға толып кетті. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Өз кәсібінің табиғи болмысын сақтай білген, нағыз журналистика бағытын ұстанған әріптестеріміз бар. Олардың қатарында атышулы Panama Papers оффшор қағаздарын әшкерелеген халықаралық деңгейдегі мәселелер мен зерттеу жұмыстарын жүргізетін журналистік консорциумын атауға болады.

– Авторлық «Бірқабатты Америка» блогыңды оқитындар қатары күн санап көбейіп келеді. Жолдастың нұсқасындағы Америка неге бір қабатты?

– Оқуға дейін Америкаға басқа бағдарламалармен бірнеше рет келдім. Маған қызық көрінген дүниелердің өзге де қазақстандықтарға қызық боларын әркез елге қайтқанымда достарымның қоятын сұрақтарынан байқадым. Сосын, Ильф пен Петровтың және Познер мен Урганттың «Бір қабатты Америка» кітаптарын оқып шықтым. Алғашқы басылымы осыдан бір ғасыр алдын жазылса, екіншісі 10 жыл бұрын жарық көрді. Олардың суреттеген Америкасын қазақ аудиториясына жеткізгім келді. Сол үшін де осындай блог бастадым. Блогымда АҚШ саясаты мен экономикасы, мәдениеті мен туризмін қатар жазамын. Одан бөлек, екі елдің айырмашылықтары мен қоғамдағы мәселелеріне де анализ жасауға тырысамын.

Жеке блогтың артықшылығы оған жеке пікірің мен эмоцияңды қоса аласың. Ал Америкаға келмесе де, оны объективті анализ арқылы танып отырғысы келетіндерге бұл қызық екендігі анық.

Қазіргі мақсатым – АҚШ-тың 50 штатын түгел аралау. Яғни осы 2 жыл оқу барысында әр штатқа барып, ондағы америкалықтардың өмірі мен тіршілігін зерттеймін. Мысалы, Пенсильвания штатындағы заманауи технологияларды қабылдамайтын амиштер қоғамын, Ютадағы мормон халқын, Монтанадағы америкалық үндістердің резервацияларын, алып қалалардағы иммигранттар өмірін зерттеп танығым келеді. Одан бөлек, Детройттағы көлік құрастыру бизнесінің құлдырауы, Массачусетстегі жаңа технологиялар мен Пало Алтодағы интернет бумды, Мэриленд штатындағы нәсілдік сегрегация қалдықтарын, тағы басқа сол сияқты қызықты тақырыптарды зерттеп, биік талғамдағы қазақ контентін әзірлемек жоспарым бар. «Бір қабатты Американы» жазған орыс жазушыларының Американы аралауға небәрі екі-ақ ай уақыты болған. Ал менде 2 жыл…

«Журналистика қоғамнан оқшаулана бастаған»

– Жуырда қазақстандық журналистерге шетелдік салалық фундаменталды әдебиеттер тізімін ұсынған едің. Смарт-заманауи журналист қандай қабілетдағдыларды меңгергені ләзім?

– Қазіргі журналистер код жазу мен қоғаммен байланысты көбірек үйренуі тиіс. Мысалы, журналистік интерн мүмкіндіктерін іздеп отырып, әлеуметтік белсенділігін жиі көруге болады. Осыған дейін медиадағы мұндай позицияның бар екенін білмеп едім. Белгілі болғандай, қазір бұл трендке айналып жатыр. Себебі журналистика қоғамнан оқшаулана бастаған. Әсіресе, интернеттегі қоғамнан алыстаған. Дәл осы байланыспен, соған бейімдеп мақала жазатын журналистерге сұраныс артқан. Сосын тамаша жазылған зерттеу мақаласын оқырманға жеткізу де күрделі мәселелердің бірі. Сол үшін де қоғаммен байланыс, яғни әлеуметтік белсенділігі қажет.

Ал код жазу деп үлкен ақпарат қорларын анализдеуді айтып отырмын. Ол Дата журналистика деп аталады. Әзірге бағдарламалау тілі мен журналистикаға қабілеті бар мамандар аз. Тәжірибелі журналистер код жаза білмесе, білікті дата аналитиктер журналистік зерттеуді білмейді. Сондықтан мейнстрим медиа редакцияларында журналист пен дата аналитик бірігіп орындайтын жұмыстар көбейді. Соңғы кездері көбіне журналистика философиясы мен принциптеріне бағытталған ғылыми зерттеулерді оқып жүрмін. Мысалы, Walter Lippmann, John Dewey, James Carey, Robert Putnam, Jay Rosen сынды авторлардан бөлек, білікті журналистер арасында Thomas Friedman, David Broder дейтіндерді жиі қараймын.

– Түсінікті. Жолдас, шығармашылық лабораторияңа үңілсек. Өзіңнің материал дайындау машығыңды бөліссең, өнімді еңбек ету әдісі қайсы?

– Мен көптен бері жаңалық немесе хабарлау стилінде жазуды қойғанмын. Қазір тек лонгрид жазып жүрмін. Өзіме де келетіні сол. Себебі лонгридте мәселеге қатысты сториді қосып, оны толық талдап шыға аласың. Сосын оған шешім ұсыну арқылы нүкте қоюға болады. АҚШ-та оқу бастағалы «шешімі бар журналистика» бағытына ойыса бастадым. Бұл – Америкадағы журналистикадағы жаңа ағым. Журналистер жаңалық беріп қана қоймай, мәселеге шешім де ұсынуы тиіс. Сонда оқырман мәселені анық түсініп, оған берілген шешіммен де таныс болады.

Алгоритмге келсек, кез келген мақаланы сториден бастауға тырысамын. Себебі жеке адамның өмірінен үзінді эмоцияға толы болады. Ол кез келген оқырманды мәселеге біртабан жақындатуға мүмкіндік жасайды. Мысалы, өткенде университеттегі профессорымның тапсырысы бойынша, АҚШ-тағы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістердің қоғамға қалай әсер етіп жатқаны жайлы анализдік мақала жаздым. Өзгеріс деп Обама бекіткен жалпыға бірдей (табысы аздар мен жоқтарға да) медициналық сақтандырудың Трамп әкімшілігі тарапынан жойылуын айтамын.

Мақала нарративті әдіспен Мичиган штатында орналасқан Флинт қаласының тұрғыны Доротидің оқиғасынан басталады. Ол сөз басында бала кезіндегі жетістіктеріне әкесінің ағасы қалай қуанғанын айтады. Туысы үнемі оның қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақ болған екен. Дороти ол кісіні өзінің әке-шешесінен де жақын көрген. Сосын Дороти ағасының қатерлі ісіктен қайтыс болғанын айтады. Оның уақтылы емделуіне медициналық сақтандыруы болмауы кедергі келтірген. Кез келген оқырман Дороти мен оның туысының эмоциялық байланысын сезінген сәтте, жағдайды өзіне жақын қабылдайды. Бұл оқырманды «қайтыс болған кісінің орнында менің туысым болуы да мүмкін еді» деген ойға жетелейді. Сол кезде әр оқырман бұл мәселені шешудің қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Егер мақаланың әлқиссасын Трамптың Obamacare жоспарын жойғаннан кейін дер кезінде медициналық көмек ала алмай көз жұмған жандардың статистикасымен бастағанымда, көп оқырманның назарын аудара алмас едім.

– Пайдалы кеңес екен. Авторлық позиция мен субъективті тұжырымның аражігін қай тұстан белгілейміз немесе ажыратамыз?

– Ешбір журналист жұмысын 100% объективті түрде атқара алмайды. Себебі оның мәселені қай қырынан ашып, қалай талдауынан, қандай сарапшылардың қай пікірін қосуына дейінгі процеске субъективті позиция міндетті түрде араласады. Оған журналистің саяси көзқарасы, діни сенімі, азаматтық позициясы және басқа факторлар әсер етуі мүмкін. Мәселе журналистік абсолюттік объективизмге ұмтылуында болып тұр, яғни барынша әділ әрі объективті түрде жазуға тырысу. Ал авторлық позиция деген журналистикада болмауы керек. Ол кейбір редакцияларда колумнистің пікірі ретінде ұсынатын сарапшылар позициясына келеді. Бірақ колумнистің анализі сол басылымда шығуы – редакция оның субъективті пікірімен келіседі дегені емес. Тұжырым жасауды да халыққа қалдырған жөн. Ал журналистің өзі бір мүшесі саналатын қоғамдағы азамат ретінде айтқан пікірі, оның субъективті азаматтық ұстанымы ретінде қала береді.

«Жастар аз уақытта тез өсудің оңай жолдарын іздемесе…»

– Қарап отырып, қажет болса қатардағы азаматтан президентіне дейін сұрау салып, соттасуды әбестік көрмейтін өзге жұрттың іргелі БАҚ институттарының орнықтылығы мен тәуелсіздігіне әуесің кетеді…

– Әрине, журналист принциптерінің бірі – «үкімет бақылаушысы» болу. Үкіметтің әу баста арқалаған жүгі – халыққа абыройлы түрде қызмет ету. Журналистер «халық қызметшілерінің» саяси мінбердегі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз мүддесіне қарай ауытқымауын бақылауы тиіс. Әйтпесе, биліктегі әкім-қаралар өзінің кімге қызмет ететінін ұмытып, жеке мүддесіне бұра тартып кетуі ықтимал. АҚШ президенті Никсонның демократияны аттап өтуге тырысқан қадамы оның Ақ үйден мезгілінен ерте кетуіне алып келді. Бұл журналистердің жетістігі.

Бірақ қазіргі АҚШ медиа нарығы демократиялық институт ретінде бізге үлгі бола алмасы анық. АҚШ медиа нарығынан үйренеріміз айтарлықтай көп емес. Себебі Fox News жаңалықтарына қарасаңыз демократтарды даттап, CNN, The New York Times, The Washington Post қатарындағы либералды БАҚ магнаттарын сынап жатады. Өз кезегінде олар Fox News позициясын әшкерелеуге талпынады. Бұл АҚШ-тағы 2 партияның елдегі саяси климатты екіге бөлгенін дәйектейді. Сәйкесінше халық пен медиа да екіге жарылған. Олардан үйренеріміз көп. Бірақ көбін көшіріп, ұқсап бағуға келмейді.

– Қазақ жастарының әлеуетін қалай бағалайсыз? Елдегі жастарға жолдайтын үндеуіңіз немесе айтар кеңесіңіз болса, мархабат!

– Ертеректе, әке-шешеміз «көп кітап оқы» дейтін кеңесін қазіргі заман ыңғайына қарай «дұрыс кітапты тауып оқы» деп өзгертер едім. Мысалы, Google корпорациясының есебі бойынша, 2010 жылға дейін әлемде 130 миллион түрлі кітап басылған екен. Ал онлайн ресурстар мен ғылыми зерттеулер ше?! Интернет пен бестселлинг бизнесінің ілгерілегенін ескерсек, бүгінге дейін бұл көрсеткіштердің бірнеше есеге өскені айдан анық. Сүбелі нәтиженің артында көп жылдық еңбек жатқанын ешқашан ұмытпау керек. Америкалық журналист Малкольм Гладуэльдің «Генийлер мен аутсайдерлер» атты кітабында дарын мен еңбектің арасалмағы өлшенеді. Автор өз салаңыздың бесаспап әрі майталман маманы болу үшін, оны үйренуге 10 мың сағат жұмсауыңызды сұрайды. Содан келіп, тек үздіксіз еңбек сізді шыңға жетелейтінін түсінеміз. Егер жастар аз уақытта тез өсудің оңай жолдарын іздемесе және жемқорлық не таныстықпен көтерілуге қызықпаса, онда оң нәтижеге еңбекпен жете алары сөзсіз анық дүние.

Қай қоғамда өмір сүрсек те, бізге үлгі болатын немесе ұятқа қалдыратын замандастарымыз бар. Сіздің болашағыңызға айналаңыз әсер етпей қоймайды. Сондықтан достарыңыздың да еңбекқор әрі мақсатына нық қадам баса алуы маңызды. Мысалы, қасыңыздағы досыңыз нені айтса, соған сіз де қызығасыз. Сіз бөліскен біраз ақпарат оған қызықты болуы мүмкін. Ал бөліскен мәлімет бос сөз емес, білімге жетелейтін, сыни ойлауды дамытатын аргументтер мен деректерге толы болса, сізге оның пайдасы көп тиері сөзсіз.

– Ағыңнан жарыла, еркін көсіліп әңгімелескенің үшін риясыз ризашылығымды білдіремін!