Неге олай екенін анықтау үшін математикаға жүгінейік. Есепке Италия, АҚШ, Ресей және Қазақстан кейстерін кіріктіреміз. Ал өсу қарқынын алғашқы кейс тіркелгеннен жалпы карантин енгізілгенге дейінгі және карантин бекітілген күннен бүгінге дейінгі уақыт аралығын қарастырамыз.

– Италияда коронавирус жұқтырған алғашқы кейс 31 қаңтарда тіркелді. Ал Италия үкіметі республикалық деңгейде төтенше жағдайды 10 наурызда енгізді. Сонымен, 10 наурыз бен 28 сәуір аралығында вирус жұқтырғаны анықталғандар саны 10 149-дан 201 505-ке жетті. Ал өлім саны 631-ден 27 359-ға барды.

– АҚШ-та алғашқы кейс 23 қаңтарда тіркелді. Ал федералды деңгейде төтенше жағдай 13 наурызда енгізілді. Ал 13 наурыз бен 28 сәуір аралығында вирус жұқтырғаны анықталғандар саны 1598-ден 1 003 625-ке жетті. Өлім саны 44-тен 57 608-ге барды.

– Ресейде ең алғашқы кейс 31 қаңтарда тіркелді. Ал елде төтенше жағдай 30 наурызда енгізілді. Кейстер саны 30 наурыздан 28 сәуір аралығында 1836-дан 93558-ге жетті. Өлім саны 9-дан 867-ге барды.

– Қазақстан Қазақстанда алғашқы кейс 13 наурызда тіркелді. Ал төтенше жағдай 15 наурыздан жарияланды. Ал 15 наурыз бен 28 сәуір аралығында кейстер саны 9-дан 3027-ге жетті. Өлім саны 0-ден 25-ке барды.

Ресей мен Қазақстанда кейстердің шарықтау шегіне қашан жететінін Италия мен АҚШ-тағы кейстер санының өсу қарқынына қарап, салыстырмалы түрде болжауға болады. Ол үшін коронавирус кейсінің АҚШ пен Италияның барлық аймағын қамтыған күннен шарықтау шегіне жеткенге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін анықтау керек.

3 наурызда АҚШ-тың барлық штатында коронавирус кейсі тіркелді. Ал АҚШ-тағы кейс саны бойынша шарықтау шегі 25 сәуір күні (бір тәулікте 36 847 адамда вирус бар екендігі анықталды) болды. Демек, 3 наурыздан 25 сәуірге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін есептесек, 49 пайыздан 3,9 пайызға өзгерген. Сосын АҚШ-та кейс саны шарықтау шегіне жетуі үшін 53 күн қажет болды.

COVID-19 кейстері бойынша, Италияның барлық аймағы 23 ақпанда қамтылды. Демек сол күннен 21 наурызға дейінгі аралықты есептесек, коэффициент 90 пайыздан 14 пайызға өзгергенін көреміз. Сонымен, Италияда кейс санының шарықтау шегіне жетуіне 26 күн кеткен.

АҚШ халық саны 328 миллион, ал Италия халқының саны 60 миллион екені белгілі. Біріншісіне (АҚШ-қа) шарықтау шегіне жетуге 53 күн, екіншісіне (Италияға) 26 күн кеткен. Ресейдің халық санының 144 миллион екенін ескерсек, Ресейге шарықтау шегіне жетуге орта есеппен 40 күн қажет болады.

17 сәуір күні Ресейдің Алтайында (Алтайский край) алғашқы кейс анықталып, коронавирус анықталмаған Ресейде аймақ қалмады. Демек 17 сәуірден 40 күн санасақ, Ресейдегі кестердің шарықтау шегі мамырдың соңғы күндеріне тура келеді. Ал өзгеру коэффициенті 17 сәуірден бүгінге дейін 15 пайыздан 7.4 пайызға ауған.

Ал Қазақстанда облыстар бойынша соңғы болып кейсі тіркелген 3 сәуір күні Қостанай болды. Сол күннен бастап бүгінге дейінгі кейстер санының күн сайынғы пайыздық өсімінің өзгеру коэффициенті 6,5 пайыздан 5,3 пайызға өзгеріп отыр. Қазақстанда өзгеру коэффициентінің салыстырмалы түрде төмен болуына және өзге елдердің кейс санына қатысты корреляцияланбауына тәулігіне жасалатын тестілеу санының аз екендігі негіз. Осы күнге дейін Қазақстанда коронавирусты анықтауға қанша тест алынғаны туралы нақты дерек таба алмадым (Егер білсеңіз, төменде бөлісіңіз). Мысалы, бүгінге дейін АҚШ 6 миллионға жуық, ал Ресей 3 миллионнан астам тест алып үлгерген. Халық санын салыстыра отырып айтқанда, Қазақстан кем дегенде Ресейден 10 есе аз жасай алған болуы тиіс. Егер одан аз жасаған болсақ, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының төмен болуына тест жасаудың жетіспеуі негіз болады. Бұл Қазақстандағы кейстер санының шарықтау шегіне жетуін тағы 10 күнге кешеуілдетеді, яғни маусымның бірінші жартысына тура келеді.

АҚШ пен Италиядағы кейстер саны бірдей корреляциямен өсуіне екі елдің де карантин шараларды салыстырмалы түрде кеш ұйымдастыруы және халықтың карантиндік тәртіпке бағына қоймауы себеп. Ал Ресей мен Қазақстандағы кейстер санының бірдей корреляцияда өсуіне карантиндік тәртіптің қатаң ұйымдастырылуы негіз болып отыр. Сосын Қазақстанда карантиндік шаралардың ерте қолға алынғаны да кейс санының шарықтау шегіне жетуді кешеуілдетеді. Себебі қала ішінде халық арасында минимум болса да, интеркоммуникация бар. Демек вирус бәрібір тарала береді.

Мысалы, жасы 30-ға дейінгі азаматтар өзіңіз білмеген жағдайда вирусты таратушыға айналған болуыңыз мүмкін, яғни жастарда вирус жұқтырып алса да, құрғақ жөтел не ауа тынысы тарылатын қиындықтар болмайды. Бірақ жасы үлкен азаматтарға өзі білмей таратады. Сол үшін де тес тапсырғысы келетін азаматтардың барлығын тестілеуден өткізу қажет, яғни жастар вирус жұқтырғанын қанша ерте білсе, сонша ерте өздерін оқшаулап, өзгеге жұқтырмайды.

Сосын, менің ойымша, әр облыс пен үлкен қалалардың сыртында блокпосттар қою ең тиімді шешімдердің бірі. Бұл эпицентрдегі вирус таралуының басқа аймақтарды қамтымауына жағдай жасайды. Бірақ карантин бекітілмей тұрып, Алматы мен елордадан аймақтарға азаматтардың кетуіне жол беру үлкен қателік болды. Сол себепті басқа аймақтар да эпицентрге айналды. Оған Қызылорда мысал бола алады.