#экономика

Кітапта Ресейдің социалистік жоспарлы экономикадан капиталистік нарықтық экономикаға қалай ауысқаны суреттеледі. Капитализм мен Батыс өркениеті жайлы өмір бойы нашар әңгімелер мен пропаганданы тыңдап келген совет халқы капиталистк конвертизмге көбірек қарсы болды. Бірақ артқа жол жоқ еді!

Кітап авторы, америкалық журналист – Роуз Брейди. Ол 1990 жылдары америкалық танымал Business Week журналының Мәскеудегі кеңсесінің жетекшісі қызметін атқарған.

The Shock of Economic Freedom

Ресей билігінің басындағы Борис Ельцин Польшаның сценарийін (1980жж. Польша капиталистік бағыт алып, толық транзит жасап үлгермеді. Халық қайтадан социализмді қолдап, коммунистер билікке қайта келді) қайталамау үшін экономиканы тездетіп тұрақты қалпына келтіруге тырысты. Айтқандай, ол тәуелсіз Ресейдегі алғашқы президенттік сайлауда коммунист Зюгановға жеңіліп қала жаздаған.

Америкалық журналист КСРО ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары транзитті бақылай отырып, Мәскеу көшелеріндегі қарапайым азаматтардың пікірін жинаған. Оның кітабы шарасыз, еш көмексіз қалған қарапайым халықтың жаппай үйінде бар затын көшеге шығарып, саудалаудан басқа амалдары қалмағанын жазады.

Осы кітап арқылы Егор Гайдар есімді жас экономист туралы білдім. Ол 1990-жылдардың басындағы Ресейдегі экономикалық транзиттің кураторы болған екен. Гайдар реформасына Батыс елдерінен де сарапшылар тартылыпты. Солардың арасында Джеффри Сакс есімді экономист, Гарвард профессоры және Еуропадағы белгілі швед экономисі Андерс Асланд та болыпты. Одан бөлек, нарықтық экономикаға көшу модельдерін ұсынған Леонид Адалкин, Николай Ружков, Станислав Шаталин, Григорий Явлинский, Валентин Павлов сынды экономистер ұсынып, атсалысқан екен.

Білсеңіздер, КСРО кезінде жекеменшік болмаған, яғни барлық өндірістік орындар мен сауда орталықтары үкіметке (state-owned) тиесілі еді және кез келген өнім нақты бекітілген бағамен (fixed price) сатылған. Ал Горбачев бастаған “Гластность” саясаты Ельциннің өнім бағасын босату (liberate prices) мен үкімет меншігін жекешелендіруіне (privatization) жалғасып, халықтың ГосБанкте өмір бойы жинаған ақшалары құнсызданып кетеді. Автор бағасы екі рубль болған айран бір күннен кейін 25 рубльға сатылып жатқан заман болғанын жазады. Қарапайым халықтың қала сыртында дача немесе жаңа көлік сатып алуға жететін банктегі қаржысы бір аптаға жететін азық-түлік алуға ғана жарамды болып қалған кез еді. Ақша айырбастау орындарында “No Ruble” (рубль жоқ) деген белгілердің ілініп тұратын кездер де болыпты, яғни ақшаның құнсызданғаны сонша, айналымда банкноттар тапшы болған.

Роуз Ресей экономикасы транзитінің бас қасында болған Гайдармен сұхбаттасқанын жазады. Сұхбатында Гайдар: “Қызылдар билікке қайта келмеуі керек. Сосын Ресей “темір жұдырықтың” астында қалмауы тиіс. Тоталитаризмнің өмірі қысқа әрі елді әскери өндірістік кешенге айналдырып жібереді”, деген екен. Бірақ ол 10 жылдан кейін сол “темір жұдырықтың” бәрібір билік басына келетінін ол кезде білмегені анық.

Карл Маркс капитализм бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты үлкейтіп, орта тап өкілдерін азайтқанда, социализм келетінін болжаған. Бірақ Ленин капитализмнің құлдырауын күтпей, оның көзін төңкеріспен-ақ құртуға болатына сенген. Сол сенімі КСРО-ның құрылуына жеткізді. Ал идеологиялық тұрғыда, коммунизмде адамдардың бәрі тең, тауар бағасын өлшейтін айналымда ақша сынды номинал жоқ, байларды бай ететін жекеменшік жоқ қоғам суреттеледі. Асыққан Ленин оған жете қоймады. Бірақ халықтың бәрі бір жұмысшы табына айналды. Сол өмір бойы зауытта еңбек еткен жұмысшылар енді көшеге шығып, зауытта ұрлаған немесе үйіндегі ескі-құсқы заттарды сатуға мәжбүр болды. Совет үкіметі кезінде мұндай саудаға заңмен шектеу болған және “көлеңкелі” экономикада сауда жасайтындарды коммерсанттар деп жақтырмайтын. Енді бүкіл ел өзінің бір түнде сол коммерсанттарға айналып қалғанын білмей де қалды. Бұл 1990-жылдар еді.

Саяси еркіндіктің екі деңгейі болады. Бірі, пост-кеңестік елдердегідей, өз еркің өзіңе беріліп, өзің жек көрсең де, мақтап жүретін биліктің қысымынан босау болса, екіншісі, Батыс елдеріндегідей, өз мүмкіндіктеріңді толық жүзеге асыра алу еркіндігі болып саналады. Біздің қоғам, өкінішке орай, әлі толық екінші деңгейге жете алған жоқ.

Ал, 1990жж., Ресейдегі экономикалық еркіндік бәріне тең мүмкіндікті білдірмеді. Өздерін “жаңа орыстар” деп атаған бұрынғы коммунистер, яғни бұрынғы номенклатурадағы  «аппаратчиктер» және КГБ өкілдері экономикалық еркіндіктің мүмкіндігін көбірек пайдаланды. Солардың арасынан және соларға жақын әрі таныс болған коммерсанттар арасынан бүгінгі Ресейдегі ең бай азаматтар, яғни олигархтар қалыптасты.

КСРО ыдырағаннан кейін көптеген кәсіпорындар мен зауыттар банкрот болған. Десе де, арасында жұмысын жалғастырған өндірістік орында болды. Олар советтік жоспарлы экономикадағы өндірісқе қажет өнім мен бөлшектерді алмасу әдісіне үйреніп қалған еді. Ал интеграция ыдыраған соң, сол тауар алмасу ақылы бола түсті және логистикасын да зауыт басшылығы өзі ұйымдастыруы тиіс болды. Нәтижесінде, небәрі, үш айда, яғни 1992 жылдың наурыз айындағы есеп бойынша, өндірістік орындар бір біріне 800 миллиард рубль ($4 миллиард) қарыз болып үлгерген. Ал маусым айына шейін бұл қарыз 3,2 триллионға жетеді. Бұл сол кездегі Ресей ЖІӨ-інің 24 пайызы еді. Кейбір өндірістердің қарызы өз бағасынан да асып түсетін. Батыс сарапшыларының сол кездегі есебі бойынша, Ресейдегі өндірістің 90 пайызы банкроттық жағдайда еді. Бірақ бұрынғы КСРО-ның ақшасыз қоғам идеологиясы негізінде, өндірістік орындар ақшасыз, қажет затын бартер жасау арқылы қолжеткізуге бейімделіп, тіршілік ете береді. Бірақ Гайдардың ойынша, бұл бағыт Ресейді АҚШ-тағыдай “Ұлы депрессияға” алып келе жатқан еді.

Алғашқы жылы Гайдар баға еркіндігін ұйымдастыра алды. Бірақ ақша дефициті мен өндірістердің қарызын реттей алмады. Сосын, ай сайынғы инфляция көлемі де 7-24 пайыз аралығында өсіп отырды. Кезінде Ельцинді қолдаған қарапайым зауыт және шахтадағы жұмысшылар онсыз да аз жалақысын ала алмай, протестер ұйымдастыра бастады. КСРО ыдырап, коммунизм құрдымға кеткенімен, кейінгі Ресей үкіметінде сол бұрынғы коммунизмнің аппаратчиктері көп болды. Ал олардың арасында либералды көзқарастағы реформатор болған Гайдар сыйыспай 1992 жыл соңында өз орнынан босатылады. Орнына Виктор Черномырдин есімді экономист келеді.

The Rise of the New Russians

Кітаптың екінші бөлімін автор кәсіпкерлік жайлы ой қозғаумен бастайды. Жалпы, орыстардың жеке кәсіп ашуға, сауда жасап, табыс табуға қаншалықты бейім болғанын зерттеуге тырысқан.

Оның жазуынша, Ресейде 1861 жылы крепостное право (заңдастырылған құлдық) жойылғанынан кейін ғана шағын және орта бизнес қалыптаса бастаған. Бірақ ол әлі де капиталистік қоғамдағы кәсіп жасау моделі емес еді. Себебі Ресей әлі феодализмнен индустриялизацияға көшіп үлгермеген болатын. Ал большевиктер билікке келгеннен кейін байлар мен кулактардың, саудагерлердің көзін құртты. Бірақ кулактарды құдалауға дейін Ленин КСРО экономикасын тіктеу үшін эксперименталды түрді капитализмнің еркін нарық жүйесін кіріктіріп, жаңа экономикалық саясат жүргізеді. Ол Жаңа экономикалық саясат (The New Economic Policy) деп аталды. Осы кезде сауда қайта жаңғырып, бай мен кедей арасы ашыла бастайды. Ал Ленин қайтқаннан кейін, Сталин бұл саясатты жойып, кулактарды айдап салғаны белгілі.

Автордың жазуынша, КСРО кезінде сауда жасап, табыс табу заңмен шектелген. Бірақ “көлеңкелі” экономикада (illegal economy) сауда үнемі қызған. Сол себепті, коммунистер капитализмнен идеологиялық тұрғыдан алыста болса да, материалдық тұрғыдан таныс әрі жақын болған. Ал 1990-жж. Сталиннің репрессиясын көрмеген, Хрущевтің суық соғысын білмеген және Брежневтің коммунизмін сезінбеген жаңа ұрпақ капиталистік көңіл-күйге жақын еді. Себебі олар туған кезеңде КСРО-да тұтынушы тауар мен азық-түліктің жетіспеушілігі байқалып тұрды, яғни олар үшін коммунизм тек жетіспеушілікпен байланыстырылды.

Ал Горбачев билікке келген соң, “Перестройкасы” басталып, жеке бизнеспен айналысуға, шетелдік компаниялармен біріккен өндірістік орындар ұйымдастыруға мүмкіндік жасалды. Менің ойымша, егер Горбачевқа дәл осы кезде ешкім кедергі болмағанда (әсіресе, экономиканы мүлде түсінбейтін, Батысты жек көретін нағыз плоретариат коммунистер), ол бүгінгі Қытайдың Дэн Сяопиніне айналар ма еді?! Себебі Перестройканың алғашқы 5 жылында 200 мың кооператив (жеке бизнес) құрылған және 5 миллион адамды жұмыспен қаматамасыз еткен. Ол 1990-жылдар басында КСРО экономикасының 10 пайызын құраған екен.

Константин Боровой, Владимир Гусинский (НТВ, ТНТ негізін салушы), Михаил Ходорковский ($40 миллиардтық ЮКОС компаниясын құрған), Вагит Аликперов ($18,5 миллиард, Лукойл негізін салушы) сынды болашақ олигархтардың өмір жолы қысқа келтірілген. Америкалық тілші көбіне көшедегі азаматтар мен шағын бизнес өкілдерінен интервью алғанын жазады.

The Battle for Russia’s Wealth

1992 жылы приватизация басталды. Гайдардың командасында болған Чубайс енді үкімет меншігіндегі барлық зауыт пен өндіріс орындарын саудаға қоюды бастайды. Ол кезде пост советтік режимнен босап шыққан орыстар жекеменшік дегенді түсінгенімен, оны пайымдай алмаған. «Мүлікті иемденгеннен не пайда?!» деген ой да болыпты. Әрине, приватизацияға қарсы болғандар да болған. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысқан азаматтарға жер меншігі берілген. Бірақ сол кездегі орыстардың 40 пайызы өндірістік орындардың жекешелендірілгеніне қарсы болған екен. Олар зауыт жұмысшылары зауыт иесіне айналуын мақұлдаған. Бұл Ельциннің де ойы болатын. Ол жеке тұлғалардың түгел зауытты меншіктеуіне қарсы болған. Себебі коммунистік идеологиямен өмір сүрген азаматтар бірден либералды көзқарасқа ауыса алмайтыны анық еді. Олар Батыс Еуропадағыдай демократиялық социализм құруды меңзеді. Себебі индивидуализмнен коллективизм бәрібір жоғары тұрды.

Приватизацияның эксперименталды процесі Төменгі Новгород (Нижний Новгород, бұрынғы Горький қаласы) қаласында өткен. Чубайс осы қаладағы үкімет меншігіндегі барлық дүкен, гастроном, киоск т.б. бизнес орындарын аукцион арқылы жекешелендіреді. Бірақ алып зауыттар, әсіресе, қорғаныс министрлігінің меншігіндегі алып кәсіпорындарға қол сұғылмайды. Себебі қару-жарақ, танк шығаратын зауыт директорлары нағыз қызылдар (red directors) болып саналатын әрі Парламентте қолдаушылары көп еді. Сол кездегі Төменгі Новгород қаласы орналасқан Төменгі Новгород облысының губернаторы Борис Немцов еді. Ол нарықтық экономиканың және транзиттің нағыз қолдаушысы болған. Сол үшін де, экперименталды приватизация процесі оң нәтижесін беріп, сосын бұл модель бүкіл Ресей бойынша қолданыла бастайды. Ендігі мәселе үлкен өндіріс орындарын жекешелендіру еді.

1992 жылдың тамызынан бастап Ельцин әрбір Ресей азаматына құны 10 000 рубль болған ваучер (voucher) тарата бастады. 1992 жылдың қаңтар айында 10 000 рубльге дача мен көлік келген болса, сол жылдың тамыз айында бұл сома бір жұп аяқ киім алуға ғана жететін. Сол кездегі құны $40 болыпты. Ваучерлер үлкен өндіріс орындарын жекешелендіру үшін қолдану мақсатында таратылды, яғни кез келген азамат өзі қалаған өндіріс орнына сол ваучері арқылы инвестор бола алады. Немесе оны сатып, ақшасын өзіне жарата алады.

Ваучер процесі 2 жылға жалғасады. Бұл процесті жүргізуге Чубайсқа Ардрей Шлейфер және Джонатан Хай есімді Гарвард экономистері кеңесші болған екен. Адрей Шлейфер айтқанындай, бұл Ресей үкіметінде инсайдері бар инвестор үшін таптырмас мүмкіндіктер кезеңі болған екен. Осы орайда, автор приватизацияны барынша өз еншісіне пайдаланған бірнеше кейсті мысалға келтіреді. Солардың бірі грузин текті совет кезіндегі ғалым, ал “жаңа” Ресейдегі кәсіпкер Каха Бендукидзе болыпты. Ол өз серіктестерімен Ресей бойынша 7-8 миллион ваучерді сатып алып, аукционға шығатын барлық өндірістік орындарды зерттей бастаған. Оған өндірістің не шығаратыны, қайда орналасқаны маңыз болмаған екен. Себебі ол біршама уақыттан кейін арзан бағаға сатып алынған зауыттарды сатуды жоспарлаған болатын. Расында, өте үлкен зауыттар арзымайтын бағаға алынып, кейін оны бірнеше есеге сатылған. Мысалы, ол Екатеринбургтегі Уралмаш дейтін алып өндірістік зауыттың 18 пайыз акциясын небәрі $700 мыңға сатып алған. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған Уралмаш сынды өндірістік орындарды үкімет қайтсе де банкрот болмауына жағдай жасайтыны анық еді. Сол жағы да кәсіпкерлердің инвестицияны аямай қуюына негіз болған екен. Осылай, Бендукидзе бір жылда мультимиллионер болып шығады.

1989 жылы Горбачев бір топ совет жастарын Гарвардта білім алуға жіберу жобасын жасаған екен. Соңыра, сол АҚШ-та экономиканы оқып қайтқандар приватизация кезіндегі “акулаларға” айналады. Солардың бірі Иосиф Бакалейник болған. Кітаптың біршама бөлігі осы Гарвардта білім алған Бакалейниктің Владимир қаласындағы трактор зауытын банкроттықтан қалай аман алып шыққаны суреттеледі. Совет заманында сол зауыт басшысы Бакалейникке ешқашан жетекшілік қызметке көтерілмейтінін айтқан екен. Себебі ол еврей текті болатын. Бірақ Бакалейник Гарвардта білім алып қайтқаннан кейін, сол трактор зауытының директоры қызметіне жетіп, оны банкроттықтан алып шығады.

Одан кейінгі маңызды тұстарында, автор ваучерлер үшін куресті суреттейді. Қаржы және экономика саласында біршама білімі бар азаматтар жаппай ваучер сатып алуды бастайды. Тіпті сол ваучер жүйесін құруға кеңес беруші швейцариялық сарапшылар да өз фондтарын ваучерлерге бағыттайды. Медиа магнат Владимир Гусинский ваучер қорын құрып, Ресей бойынша 52 үлкен кәсіпорынның акционері атанады. Бірақ оның Мәскеу мэрі Лужковпен жақын достығы Кремльдегі кейбір шенеуніктерге ұнамайды. Гусинкийдің Мост деп аталатын банкінің негізгі кеңсесіне бірнеше рет шабуыл ұйымдастырылады.

Бұл бөлімдегі тағы бір айта кететін маңызды жәйт, ол 1993 жылы болған Ельциннің Парламенттегі коммунистермен соғысы. Қызыл Депутаттар Ельциннің реформасын тоқтату үшін қолынан келген бар мүмкіндігін жасайды. Тіпті оған импичмент жариялауға да тырысқан. Бірақ соңында Ельцин оларды таратып тынады.

Тағы бір есімде қалған есімдердің бірі Татьяна Парамонова болды. Ол 1994-95 жылдары Ресейдің орталық банкін басқарған және орыс рублін гиперинфляциядан сақтап қалған қаржы маманы. Егер сол кезде Парамонова қатаң қаржы ережелерін ұйымдастырмағанда мүмкін қазіргі орыс рублі қазіргі кәріс воны сияқты болар ма еді?! Парамонова рубльді тұрақтандырып, тіпті қуаттандырып, инфляцияны жоя алған. Бірақ оның бұл әрекеттері бірталай бизнес өкілдеріне теріс ықпал етті. Мысалы, экспортпен айналысатын кәсіпкерлер рубльдің тұрақты болуынан бірталай табысынан айырылды. Есесіне сол кәсіпкерлер Ресей парламентіндегі, яғни Думадағы коммунист таныстары арқылы Парамонованың екінші рет Орталық банк жетекшісі болмауын қамтамасыз етті. Парамонова сол жылдары Темір Люди атаныпты. Ал депутаттар оған қарсы дауыс беру үшін пара алғаны кейіннен белгілі болған.

Парамонова орнына Сергей Дубинин есімді маман келген соң, Орталық банк объективті позициясын жоғалтып, коммерциялық банктердің тиімсіз ұсыныстарына көнеді. Солардың бірі “loans for shares” деп аталған. Үкімет екі жыл бойы өткізген ваучер жүйесі арқылы өз дегеніндей қаражат жинай алмайды. Сол себепті тағы да бірнеше миллиард АҚШ долларын қажет етеді. Владимир Потатин есімді азамат Михаил Прохоров есімді серіктесімен Unexim Bank жүргізіп жатқан кезі еді. Потанин Инкомбанк, Менатеп, Столичный және Империал банктерімен бірігіп, үкіметке сол $2 миллиардты қарызға беруді ұсынады. Есесіне олар үкімет атындағы алып зауыттар мен кәсіпорындарды кепілдікте ұстайды. Дер кезінде үкімет ол ақшаны қайтара алмайды. Ал аты аталған банк иелері кепілдікте ұстаған өнідіріс орындарын иемденеді. Бұл бір уақытта бірқатар олигархтардың қалыптасуына негіз болған келісім еді.

Capitalism versus Communism

1995 жылдан Ресейдегі президент сайлауына үміткерлер өз кампанияларын бастайды. Сол жылы халық арасында өткізілген сауалнамаға орай, 18 пайыз қолдаумен коммунист Зюганов алда болған. Одан кейінгі экономист Явлинский, ұлтшыл Жириновский болған. Тек одан кейінгі қатарда Ельцин 8 пайызбен тұрды.

1996 жылдың наурызында Ресей Думасындағы коммунист депутаттар 1991 жылғы КСРО ыдырауына қатысты Ресей, Украина және Беларус арасындағы келісімді жоққа шығаруға дауыс беріп, Ельциннен КСРО-ны қайта құруды да талап еткен екен.

Ал Зюгановтың танымалдығы соңғы бірнеше жылда байып шыға келген олигархтарды шошыта бастаған. Себебі Зюганов билікке келсе, КСРO-дағы тәртіп қайта оралады. Байлардың барлық мүліктері қайта мемлекет меншігіне өткізілетіні анық еді. Сондықтан Потанин, Березовский, Фридман, Гусинский, Ходорковский сынды олигархтар Ельциннің кампаниясына қолдау білдіре бастайды.

Сол жылы Ресейдегі өндірістің дерлік 70 пайызы жекешелендірілген еді және меншік иелері толығымен Ельцинді қолдады. Олардың қаржылай қолдауы $140 миллион төңірегінде болыпты. Басты мақсат коммунистердің билікке қайта келуін болдырмау болатын. Ал Зюганов болса, тек бос уәде беруден басқа амалы болмаған. Бірақ коммунистік идеологиядан арыла қоймаған, Брежнев кезіндегі социализмді аңсайтындар әлі де қоғамда көп болатын. Не болса да, олар Зюгановтың президент болғанын қалайтын.

Көп өтпей олигархтардың әрекеті өз нәтижесін береді. Сайлауда Ельцин 35 пайызбен алға шығады. Одан кейін Зюганов 32 пайыз дауыспен тұрды. Бір үміткерге қолдау 50 пайыздан аз болғаны үшін сайлаудың екінші туры ұйымдастырылады. Екінші турда Ельцин 54 пайызбен жеңеді. Сосын кейін 4 жыл өтпей, қасындағы олигархтардың біріге айтылған ақылымен Ельцин билікті Путинге тапсырғаны белгілі.