Қазақстан екінші Румыния атануы мүмкін немесе адам капиталы дегеніміз не?
Румыния 2007 жылы Еуропа Одағына кіріп, жағдайлары жақсаратынына қуанған болатын. Бірақ онымен елдегі саяси құрылым өзгермеген, сыбайлас жемқорлық азаймаған. Бүгінге дейін Еуропа Одағының өзге елдеріне көшкен румындардың саны 10 миллионға жетіпті. Ал елде қалған халқы дерлік біздікімен бірдей. Жақсы өмір іздеп көшкені рас. Бірақ елдегі ахуалды жақсарту мүмкіндігі болса, елден жаппай көшу тренді аз да болса аз болар ма еді.
Соңғы деректерге сүйенсек, 2018 жылы Қазақстаннан 40 мыңға жуық адам көшіп кеткен екен. Ал 2019 жылдың бірінші жартысында тағы 20 мың елден біржола кетіпті. Олардың көп бөлігі өзге ұлт өкілдері (орыстар не немістер) екені рас. Бірақ соңғы көздері көшіп жатқан және көшуге ынталы қазақтардың саны да күрт өскен.
Нью-Йоркта жүргенімде бірталай қазақты жолықтырдым (жалпы бейресми есеп бойынша, Нью-Йоркта 5 мыңдай қазақ тұрады). Басым бөлігі АҚШ-та қалуды шешкендерін айтатын. Тіпті Work and Travel бағдарламасымен келгендер де қалып жатыр. Сонда ойланыңыз, жастардың Қазақстандағы өз оқуын да тастауына итермелейтіндей деңгейде Қазақстандағы жағдай қиындап кеткен. Маған әлеуметтік желілер арқылы да «АҚШ-қа көшу» туралы өзіміздің қазақтар көп жазады. Қазір кез келген дамыған елге барсаңыз, қазақтардың қауымдастығын таба аласыз. АҚШ-тың тек үлкен қалаларында емес, тіпті әрбір штатында қазақтардың ортасы құрылып үлгерген.
Ал елдегі саяси билік өзгермесе, мұндай негативті тренд жалғаса береді. Өкінішке орай, осылай алдағы 10 жылда Румынияның статистикасына жақындап қалуымыз бек мүмкін.
Енді рационалды ойға көшейік. Қазақстанда адам капиталы төмендесе, не болады? Алдымен адам капиталы дегеннің не екенін талдап көрелік.
Адам (ойлай білетін гоминидтер)+ капитал (қаржы, құндылық, байлық). Адам ойлай алады. Демек дамуға бейім. Ал дами алса, қоршаған ортасын да көркейтеді. Орта көркейсе, қауымдастық күшейеді. Қауымдастық күшейсе, мемлекет қуатты болады. Ал адам өз капиталын (білімін, интеллектуалды біліктілігін, тәжірибесін, кәсіби шеберлігін) сол ортаның дамуына құюы үшін оған оңтайлы орта керек. Оны «бизнес орта» деп алайық. Не үшін бизнес орта деп отырмын?! Мысалы, кез келген бизнес өзіне ыңғайлы локацияда ғана дамиды. Егер ол орын бизнеске орта тиімсіз не қолайсыз болса, ол не банкрот болады, не кетеді. «Тиімсіз орта» деп бизнестің дамуына кедергі болатын экономикалық (монополистік қысым, салықтың көп болуы, бизнесті қорғайтын заңның күші болмауы), әлеуметтік (кадр тапшылығы, серіктес бола алатын өзге кәсіптердің болмауы) және саяси (биліктегілердің рэкет ұйымдастыруы, бизнестен үлес талап етуі) факторларды айтып отырмын. Көптеген бизнестің оңтүстік-шығыс Азияға көшуінің себебі де сол.
Демек қоғамдағы әрбір адамның ел дамуына белгілі бір деңгейде пайдасы бар. Елдің айырылмас бөлігі де, оның дамытып отыратын да адам екенін ұмытпау керекпіз.
Кең жерімізде шетелден келетін аз қазақты да сыйыстырмайтынымыз бар. Олардың арасынан болашақта ғалым, кәсіпкер не өрентапқыш азаматтар шығатыны рас. Ал олардың жемісі елдің өркендеуіне пайдасын тигізбей қоймайды. Біз соны бір ұрпақ бұрын үркітіп отырғанымызды рационалды түрде ойлап отырған жоқпыз.
Сонымен жоғарыдағы сұраққа қайтып оралайық. Адам капиталының азаюы Қазақстанға қалай әсер етеді?
Мұны бір ғана мысалмен салыстырып түсіндірейін. Мен оқитын университет Детройт қаласына жақын. Осы қала жайлы деректі фильмге мәлімет жинап жүріп, Детройттың құлдырау себептерін іздедім.
Детройт XX ғасырда өте қуатты қала болған (XX ғасырда әлемдегі экономикалық тұрғыдан ең жылдам өскен қала болған). АҚШ-тағы көлік құрастырудың дерлік 80 пайызы осы қала метрополитен аймағында орналасқан еді. Ал қазіргі ахуалына қарап, оның сол «бұрынғы жағдайына енді ЕШҚАШАН қайтып оралмайды» деп нық сеніммен айта аламын. Себебі Детройтта адам капиталы күрт азайған. Қаланы байытып отырған жақсы мамандар, кәсіпкерлер және интеллигенттер көшіп кеткен. Демек түсетін салық та төмендеп, бизнес те азайған. Сәйкесінше, қалада қалған халық арасында жұмыссыздық пен кедейлік өскен. Оның кесірінен қылмыс деңгейі де артқан. Ал ол адам капиталына тиімсіз ортаны қалыптастырған. Соның кесірінен, кетіп жатқан адамдар саны тағы да артып жатыр.
Қазақстан қазір дәл осы процестің ең алдынғы шебінде тұр. Қазір жаппай көшу жоқ. Бірақ ең көп салық төлейтін және қоғамға интеллектуалдық үлесін ең көп қоса алатын азаматтар кетіп жатыр. Себебі олар «long term» тұрғыда Қазақстанда болуы мүмкін «қоғамдық дағдарысты» болжап отыр. Ал қазіргі биліктің оны ойлауға шамасы жоқ. Себебі оның өзі «The Kazakh Family Drama» болып жатқанын бәріңіз де көріп, білім отырсыздар.
Қазақтардың шетелге көше беретініне тағы бір себеп бар. Ол әлемнің жылдам дамуы мен өзгеруі. «Жылдам өзгеруі» деп интернет пен техноологиялық БУМды айтып отырмын.
Сәйкесінше кез келген адам да жылдам дамып, жетістікке жетуді ойлайды. Қазақтар елде қалып, өздерінің 50 жылын демократиялық әрі экономикалық қуатты ел құруға уақыт сарыптағылары келмейді. Себебі Қазақстанда ондай орта жоқ. Бір жағынан ондай прогресс жоғарыдан да байқалмайды.
Адамдар қолайлы ортаны сезіне алмаған соң, «Елдің болашағы, біз – жастар, біз елді дамытамыз» деу, жәй, иллюция.