Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде 158-орында…
[Мақала qazaqtimes.com сайтында басылды. Пікір алған – Абай Аймағамбет]
Жақында «Reporters Without Borders» халықаралық ұйымы сөз бостандығы рейтингін жариялады. Онда Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр. Рейтингте Ресей 148, Өзбекстан 165, Беларусь 155, Тәжікстан 149-орында, Қырғызстан 98-орында тұр. Бірер күн бұрын «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз бостандығы рейтингінде Қазақстанның неліктен төменгі орында тұрғанын түсіндірді.
«Мен елдегі сөз бостандығы мәселесі бойынша қандай да бір иллюзияға бой алдырып немесе өз-өзімді алдағым келмейді. Бізде немен жұмыс істеу керек, нені түзеу керек дегенге қатысты ұстаным, бағыт бар. Бұл қалыпты, эволюциялық процесс. Қазақстан демократияны қалыптастырып жатқан мемлекет. Мен сөз бостандығы рейтингін объективті емес деп санаймын және оның методикасында біраз қателіктер кеткен» деді Абаев.
Бұл ретте министр 2000 жылдан бері 140-қа жуық журналисін өлтірген Мексика мен БАҚ архивтерін жойып жіберген Ботсвана елдерін мысалға келтіреді.
Осы орайда журналист, сарапшыларға хабарласып, пікірлерін білген едік.
Жолдас Өрісбаев, Informburo.kz сайтының репортері:
RSF ҚР Конституциясындағы Медиа туралы заңға енгізілген өзгертулерге сүйене отырып, Қазақстанның рейтингтегі орнын төмендеткен. Мысалы, азаматтық қоғамның белсендісі белгілі бір шенеунікті немесе құзырлы орган қызметкерін өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сынға алса, белсендінің пікірі көбіне дәлелсіз деп табылып, жала жапқаны немесе әртүрлі конфликтіні ушықтырғаны үшін айыпталып, сотталады. Бір сөзбен айтқанда нақты дәлелсіз айтылған әрбір сөзге жауап беру жүйесі құрылды. Бұл бір жағынан объективті көрінуі мүмкін. Бірақ кейбір өзгертулер шынымен сөз бостандығын шектейді. Нақтыласақ, белгілі бір тұлға жайлы ақпарат жариялаудан бұрын оның келісімін алу журналистерге міндеттеліп отыр. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін шенеунік туралы журналистикалық зерттеу жасау барысында оның табатын табысы мен жеке шығындарын салыстыратын болсаңыз, анализді жарияламас бұрын, шенеуніктің өзінен сұрауыңыз керек. Оның мұны жоққа шығарып, жариялануына түбегейлі қарсы болатыны анық. Заңдағы өзгертуге сенсек, бұл мәлімет азаматтың отбасына қатысты жеке ақпарат болып саналады. Бұл шенеуніктерді қарапайым халықтан алыстатады. Бір сөзбен айтқанда, шенеуніктер өздерін қорғайтын «қалқан» дайындаудың тағы бір кезеңін сәтті аяқтады. Мысалы, Қырғызстанда тіпті президент пен оның туысқандарының атында қандай мүлік бар екені ашық жарияланып отыр. Ал Грузияда шенеуніктер мен олардың туыстарына тиесілі мүліктердің онлайн базасы құрылған. Қазақстанда, ең болмағанда осылай шенеуніктердің пара алуын шектеуге болар еді.
Журналистің міндеті – қарапайым халық білуі тиіс кез келген ақпаратты жариялау. Ал оған үкімет тарапынан ешқандай шектеуі қойылмауы тиіс. Өкінішке орай, Қазақстанда көп жағдайда журналистер өзіне қажет, халық білуі тиіс мәліметтерге қол жеткізе алмайды. Мемлекеттік мекемелердегі мамандар үкіметке емес, халыққа қызмет етіп жатқанын кейде ұмытып кетеді. Олардан ресми ақпарат алудың өзі бірнеше айға созылады. Берілген жауапта мекеме жұмыстарының тек позитивті жақтары ескеріледі. Ол көбіне бұрмаланып, кейде сұралған ақпарат шектелгені жеткізіледі. Менің ойымша, мұның бәрі рейтингті жасайтын халықаралық ұйым ескеріп отыр. Мемлекеттік мекемелер жергілікті медиа ресурстармен коммуникациялық каналдарын жақсарту бағытында жұмыс істеулері тиіс.
Орта Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, әрине, бізде сөз бостандығы көбірек. Кім не айтса да, өзі біледі. Бірақ белгілі бір шеңбер төңірегінде. Мысалы, соңғы бір жылда сол әлеуметтік желілерде сыни пікір білдірудің өзі қиындай түсті. Дәлелдеуге нақтылық жоқ, бірақ айқын сын жазсаңыз, екі жылға дейін сотталуыңыз қаралған. Сосын Facebook пен Youtube желілерінің күнделікті түрде 2-3 сағатқа баяу істеуі немесе мүлде ашпай қоюы да сөз бостандығын шектейді. Тек Түрікменстан мен Қазақстаннан өзге елдерде әлеуметтік желілерге мұндай шектеулер жоқ.
Халықтың медиа сауаттылығын арттыру керек. Дамыған елдердің азаматтары елдегі саяси өзгерістер мен әлеуметтік мәселелерді үзбей қарап, өзінше талдап отырады. Елдің қай бағытта даму қажет екендігіне, оның прогресіне де белгілі бір деңгейде өз мүдделерін қосып отырады. Батыс Еуропа елдерінде азаматтық қоғам әлдеқайда дамыған. Мысалы, Швейцарияда үкімет қызметкерлері белгілі бір аймақта қандай да бір стадион немесе демалыс орнын салуды ойластырса, алдымен сол аймақта тұратын халықтың келісімін алуы тиіс. Ауызша бір жиында келісе салу жарамайды. Азаматтардың барлығы жазбаша түрде келісімін берсе ғана құрылыс жоспарын жасау басталады. Бір жағынан стадион балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, денсаулығын нығайтуға септігін тигізуі мүмкін. Ал бір жағынан стадионнан шыққан шу кейбір азаматтарға ұнамауы мүмкін. Сондықтан мұндай қоғамдық мәселелерді талқылауға әрбір азамат қатысуы жүйеленген. Ал бізде биліктегі шенеуніктердің шешімі бірінші шығып, сосын халық ол туралы есітеді. Мысалы, Көкжайлау мәселесі дәл осындай көрініс тауып отыр. Халық не десе де, ол аймақта құрылыс жұмыстары жасалатыны анық. Бұған бір жағынан халықтың азаматтық белсендігінің төмендігі де әсер етіп отыр. Себебі біздің қоғамда «Маған қатысы жоқ қой. Не істеймін араласып» дейтіндер де көп.
Антиутопиялық көзқараспен қарасақ, қоғам үнемі үдемелі түрде дамып отырады. Демек 100 пайыздық сөз бостандығы ешбір елде жоқ. Сондықтан да даму, алға ұмтылу басты приоритет болып қала бермек. Ал қоғамның қалай дамуы журналистік этика мен жаңа ұрпақты тәрбиелеуге байланысты. Егер өзіне сенімсіз, үкіметті сынауға бата алмайтын азаматтық қоғам құруға жетсек, тоталитарлық тәртіпті орнықтырдық деп есептей берейік. Ал егер өзінің рационалды ойын еркін жеткізе алатын еркін азаматтар қоғамын құра алсақ, рейтингтегі орынды талдамас та едік. Десе де, еркіндіктің де шектеуі бар. Ол тым либералдық көзқарастың дамуына бағытталмауы тиіс. Ол демократияның өте «нәзік» мәселелеріне жатады. Ал бізге оны талдауға әлі ерте.