Ресей вирус жұқтырғаны анықталғандар саны бойынша екінші орынға 12 мамырда шықты. Дәл бүгінгі есеп бойынша вирус жұқтырғандар саны 317 554-ге, ал өлім саны 3099-ға жетті. Ресейдегі вирус жұқтырғандар санының өсу қарқынын зерттей отырып, Қазақстандағы кейстердің эскалациясын анықтап көрейік.

Менің ойымша, Ресей мен Қазақстандағы халық санының корреляциясын қолдану арқылы сараптамалық болжам жасауға болады. Себебі екі елдегі урбандалу (халықтың ауылдан қалаға көшу, қаладағы халықтың шоғырлану көрісі) ұқсас.

Қазақстан халқы 19 миллион, ал Ресейде 144 миллион адам тұрады. Қазақстан халқы Ресейдің 13 пайызына тең, яғни 7,5 есеге аз. Осы 7,5 есе Қазақстандағы коронавирус кейс санының өсу қарқынын анықтау үшін қажет.

Ол үшін алдымен Қазақстандағы соңғы 14 күндегі кейс саны өсуінің әр күнге бөлгендегі орташа өсу қарқынын анықтау керек. Әр күндегі орташа өсімді анықтау үшін 14 күнде анықталған кейс санын 14-ке бөлеміз. Қазақстанда мамырдың 6-20 арылығында коронавирус жұқтырғандар саны 4578-ден 7234-ке жетті, яғни 2656 жаңа кейс анықталған.

7234-4578=2656

2656:14=190

Демек, Қазақстанда соңғы 14 күнде орташа есеппен күн сайын 190 адамда вирус анықталып отырды. Мұны Ресейдегі өсу қарқынымен корреляция жасау арқылы салыстыру үшін сол шыққан санды 7,5-ке көбейтеміз. Және бұл арқылы Қазақстандағы коронавирустың таралу кескінінің Ресейдегіден қанша уақыт артта екенін да анықтауға болады.

190×7.5=1425

Енді Ресейдегі қай екі апта барысында коронавирус кейстері санының орташа анықталу көрсеткіші 1425 кейс болғанын анықтаймыз. Ол сәуірдің 1-15 аралығына (3548-ден 24 490-ға жеткен) тура келеді, яғни дәл осы аралықта Ресейдегі коронавирус жұқтырғаны анықталған кейстер саны күн сайын орта есеппен 1496-ға артып отырған. Осы 1496 саны біздің жоғарыдағы корреляциялық салыстыру арқылы анықталған санға (190×7.5=1425) ең жақын болып тұр. Демек коронавирус пандемиясының таралу қарқыны бойынша Қазақстанның бүгіні Ресейдің 15 сәуіріне тура келеді. Демек, Қазақстан Ресейден 5 аптаға артта келеді. Бұл 5 аптада Ресей n-орыннан (15 сәуір күні Ресей кейстар саны бойынша әлемде нешінші орында болғанын анықтай алмадым. Білсеңіз, төменде қалдырыңыз) 2 орынға дейін көтерілді.

Енді Ресейде вирус санының сол соңғы 5 аптада қалай өскенін зерделейік. Кейстер саны 24490-нан 317 554-ке жетті. Ал осы аралықтағы өсу қарқынының әр күнге бөлгендегі орта есебін шығарсақ, Ресейде вирус жұқтырғаны анықталғандар саны соңғы 5 аптада күн сайын орта есеппен 8373 кейске артып отырған.

317 554-24 490=293 064

293 064: (5×7)=8373

Ал бұл өсу қарқыны Ресейдің 144 миллион халқы корреляциясы деп есептесек, Қазақстандағы осы орташа өсімді анықтау үшін, сол санды (8373) 7.5-ға бөлеміз. Сонда Қазақстандағы алдағы 5 аптада күн сайын орта есеппен анықталатын кейстер саны шығады. Ол 1116-ны құрайды.

1116x(5×7)=39 060

Сонымен, қорыта келсек, Қазақстанда алдағы 5 аптада коронавирус кейстерінің өсу эскалациясы күтіледі. Коронавирус жұқтырғандар саны 25 маусымға қарай 39 060 жаңа кейске көбейеді. Ал толық кейстер саны 46294-ке жетеді.

P.S. Бұл нақты математикалық анализ. Оны есептеуде Қазақ үкіметінің пандемияның таралуына қатысты жасап жатқан шаралары, вирустың таралуын алдын алу үшін халық жасап жатқан әрекеттер мен ауа райы ескерілмеген. Себебі бұл шараларды өлшеу өте қиын, тіпті мүмкін емес. Пандемия кезінде үкіметтің облыстар мен үлкен қалалар арасында блокпосттар қойып, халықтың себепсіз көшеге шықпауын қадағалау сынды шаралары өте тиімді. Бірақ олар қазір босаңсып жатыр. Ал халықтың вирустың таралуына қарсы әрекеттері өте нашар. Сосын ауа-райы жылынған кезде вирустың таралуы азаятынына да ғалымдар толық сенімді емес.

Сондай-ақ, вирус таралуының алдын алудың тағы бір жолы тест санын көбейту. Симптомдары байқалмаса да, тест тапсырып, вирус жұқтырып алғанын білген жастар оқшаулауға кетсе, бірталай адамға таралуының алдын аламыз. Тест алу бойынша, әзірге, Қазақстан біршама артта келеді. Әсіресе, жастардың арасында көбірек тест жасап, анықталғандарын қатаң бақылаумен өз-өзін оқшаулауға жіберу керек. Себебі вирус кейстерінің күрт өсуіне симптомы байқалмайтын жастар басты себеп. Себебі оларда еш симптомдар байқалмайды, сәйкесінше, вирус жұқтырмағандай абайсыз жүре береді. Солай жасы үлкен немесе ауру азаматтарға жұқтырып, олардың өміріне қауіп төндіреді. Сол үшін жастар арасында ерікті түрде тест тапсырғысы келетіндердің, тіпті аздап жайсыз сезінсе де, тест тапсыруын қамтамасыз ету керек. Оңтүстік Корея мен Сингапур солай жоғары нәтижеге жетті.