Әдебиет адам болмысына қалай әсер етеді?
[Блог алғаш рет massaget.kz сайтында жарияланды]
Әдебиет адам баласын қай деңгейге көтере алады? Білесіз бе? Мені де осы дәрежеге жетелеген сол – әдебиет. Расында, әдебиеттің бар болмысы адамның қалыптасуына барынша қолдау көрсете алады. Ал адам баласы бұл орайда еріншектікке бой алдыратын болса, оның қалпы көкке қарай самғамайды. Әлемді құшағына алмайды.
Қазіргі қоғам әдебиетті оқудан кемтар қалған деседі. Ал біреулер: «Жоқ, оқуға құмар жандар әлі де көптеп табылады», – дейді. Шындығында бұл – парадокс. Ешкім де оның салмағын анықтауға қауқары жетпейді. Кез келген зиялы көзі ашық адам осы тектес пікірін тек айналасындағы жастарға қарап білдіреді. Демек, оның әр қалай болуы рас.
Әдебиет – мен үшін белгісіз білім бұлағы. Олай дегенім мүлде кітап ашып көрмедім деген сөз емес, әрине. Оқыған болармын. Мен тек әлі көп оқу керек екенімді ғана білемін. Бала кезімде әкем кітапті міндеттеп оқытатын. Сол кездері әкемнің осы талабын ұнатпаушы едім. Шындығында, жек көруші едім. Дегенмен қазір рақмет айтамын. Әдебиет маған жақсы мен жаманды ажыратып білуге, дұрыс пен бұрысты айыруға, оң мен солды тануға, ақыл мен танымға толысуға көмектесті.
Қазіргі жастар классикалық әдебиетті оқуға жалығады. Мен де. Расында қарбалас өмірде бір суреттеуді 15 бетке дейін созып отыруға көптің төзімі жете бермес. Бірақ сол әдеби мардым қажетімізге жарарын білмейміз. Соңсоң, біз әдеби туындыларды таңдап алуда адасуымыз мүмкін. Мысалы, антика әдебиеті мен көне дәуір ертегілерін бала кезімде оқыған болсам, мектеп жасында шытырман оқиғаға толы романдар (Марк Твен, Вальтер Скотт, Александр Дюма) мен ғылыми-фантастика жанрындағы (Жюл Верн, Толкин, Роулинг) шығармаларды іздеп оқыдым. Қазақ әдебиетінен де кенде қалмадым. Мектептегі Әлия есімді ұстазым әдебиет сабағына кітап оқып дайындалып бармасақ, жас баладай ренжитін. Ұстазымды еш ренжітпеуге тырысатынмын. Біршама уақыт өте кітап сені емес, сен кітапты іздейтінің белгілі-ақ. Кейіннен жаңа дәуірдегі француз әдебиетіне (XVIII-XIX ғ.ғ.) өттім. Себебі бұл дәуірдегі француз әдебиеті көне грек аңыздарын қайта жандандырған болатын. Осылай Антика әдебиетінің бала кезімде түсіне алмаған беттерін ашып алғанмын. Кейін орыс пен жапон әдебиеті мені тәнті етті. Олардың аты әлемге танымал болуына не себеп болған?
Жалпы тұрғыдан алғанда, жазушы бүкіл әлемге танымал болуы үшін өз туындыларында адам баласына ортақ проблеманы көтере білуі керек. Ал ұлттық деңгейде, яғни белгілі бір аймаққа қатысты сұрақты алға тартатын болса, оның өзектілігі де сол ұлттың шеңберінде қалып қояды. Сосын аударылған шығарманы өзге ұлттың өкілдері түсіне қоймайды. Нобель сыйлығына лайық болса да, алмаған жазушылар қатарының көптігі де осы сынды түсініспеушіліктерден туындап отыр. Мысалы, Драйзерге бермей, Синклер Льюис алды. Мен мұнда Льюисті нашар жазушы деп тұрған жоқпын. Айтайын дегенім, Драйзер одан жоғары дәрежеге лайық. Ал орыстың бетке тұтары Толстой ұсынылған, десе де ол өзі алудан бас тартқан екен. Классикалық әдебиетті оқыған адамға қазіргі заманның әдебиеті ұнай қоймайтыны белгілі. Менің де заманауи әдебиетте тұрақты іздеп оқитын жазушым жоқ. Себебі қазіргі заманның бестселлерлері психология, өзін-өзі дамыту немесе ақша табудың жолдарын үйрететін кітаптар. Атап айтқанда Роберт Кийосаки, Дейл Корнеги т.б.
Жапонның Рюноскэ Акутагава есімді ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген жазушысы бар. Мен үшін ол жапон әдебиетіндегі ең биік тұғырға ие әдебиет майталманы. Рюноскэ ешкім білмейтін жапон әдебиетін сол дәуірдің өзінде бүкіл әлемге танытты. Әдебиетке ұлттық нақыш бере отырып, адам психологиясының танымдық өзгешеліктерін көрсете алған. Ал Харуки Мураками ерекше қолтаңбасы бар стилист болғанымен, ол ұлттық шеңберден аса алмаған. Рю Мураками шығармаларындағы қоғамның оғаш өмірін көрсету арқылы атын шығарғысы келді. Дегенмен, бұл бағыт оған танымалдылық алып келмеді. Себебі Рю натуралистік көркемдеуді қолдана алмады. Сонымен қатар, еңбегінің соңында сюжет тағылымының болмауы да мен үшін тартымды бола қоймады.
Жапон жазушылары адам психологиясына аса көп көңіл бөледі. Бір кез, ақын досым Айбол Исламғалиев: «Әдебиетке жаңадан келген оқырманды жапон туындыларынан аулақ ұстау керек. Себебі олардың тұңғиықта жатқан психологиясын пайымдау үшін әдеби білім керек. Оны бұрыс қабылдағандар, адасып кетуі мүмкін», – деген болатын. Расында, солай. Менің әдебиет әлемімде де жапон әдебиеті 5-інші деңгейде тұрғанын жоғарыда айтып өттім. Демек, әкем дұрыс бағдар көрсете білген екен.